Маңғыстаудағы аққулардың қырылуы: Қонақүй өкілі көлге қалдық су төгілгенін растады


11/01/2024
15:33 9928 0

Фото: Ашық дереккөзден

«Rixos Water World Aktau» қонақүйінің бас менеджері Серік Исағалиев аққулар жаппай қырылған Қаракөлге қонақүйдің қалдық суы төгілгенін растады. Бұл жөнінде lada.kz басылымы хабарлады. 

 

Менеджердің сөзінше, қалдық су бірнеше тазартудан өтіп барып, су қоймасына құйылады. Сол жерден ары қарай көлге жіберіледі. 

 

– Су тазартудан өткізіледі. Біріншіден, лас су 250 текшеметрлік қазандыққа жіберіліп, бактериялармен тазаланады. Келесі кезеңде сүзгі, мембрана, химиялық тазалаудан өткен соң су қоймасына құйылады. Сол жерден ары қарай Қаракөлге жібереміз,  деді Исағалиев. 

 

Бұдан бөлек, менеджер «Rixos Water World Aktau» қонақүйі ашық тексеру жүргізуге дайын екенін айтты.

 

Бұған дейін әлеуметтік желіде Қаракөлде аққулардың жаппай қырылып жатқаны жөнінде ақпарат тараған. Маңғыстау облысы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының мәліметінше, 21 желтоқсаннан бері 870 аққу қырылған. 

 

Ресми мәлімет бойынша, бастапқы тексеріс қорытындысы «аққулар құс тұмауынан өлген» болуы мүмкін екенін көрсеткен. Кейін мамандар «құстар жем таппай суықта қырылған» деген тұжырым жасаған. Егер Қаракөлде аққулардың қырылуына қонақүй кінәлі екені расталса, оған айыппұл салынуы мүмкін.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

11/01/2024 15:33
9928 0

Уведомление